Еліміздің бірқатар өңірінде күрделі жағдай қалыптасып отырған қазіргі кезеңде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты қазақстандықтарға жолдаған үндеуі елімізге төнген табиғи аппаттың қаншалықты ауыр екендігін көрсетеді.
Қарғын су елді мекендерді, тұрғын үйлерді басып, жолдар мен көпірлерді шайып кетіп жатыр. Біздің облыстың 6 ауданы, Орал қаласы зардап шегуде. Оның үстіне көрші Ресейдің Жайық өзені бойындағы су қоймаларынан жіберілмекші судың да өңірге қауіпі өте жоғары.
Жағдайға байланысты Мемлекет басшысы Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға төтенше жағдайға қарсы тұру және оның зардаптарын жою жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Президентіміз басты міндет адам шығынына жол бермеу екенін баса айтты. Мемлекет басшысының үндеуінде, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды, баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі және материалдық шығындар толық өтелетінін, зардап шегушілерге жан-жақты көмек берілетінін айтуы халқымыздың бойына үлкен сенім ұялатты.
Осы орайда «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген барша жерлестердің жұдырықша жұмылып әрекет етуі арқасында апатты жеңе алатынымызды, ең бастысы осы сын сағатта елдігімізді, бірлігімізді көрсететін жауапты уақыт екенін түсініп, қиындықтан ел болып шығуда өз үлесімізді қосуымыз қажет деп санаймыз. Біз біргеміз!
Батыс Қазақстан облыстық Қоғамдық кеңесі