Баршаңызды өзімнің және облыстық қоғамдық кеңес мүшелерінің атынан Жеңістің 78 жылдығымен құттықтаймын! Отан үшін от кешкен қаһарман ұрпақтың қайсарлығы мен тыл еңбеккерлерінің ерік-жігерінің арқасында қатпарлы тарихты толықтырған бұл мейрам — бәріміз үшін қастерлі. Өйткені, ата-бабаларымыз байтақ еліміз, туған жеріміз жау қолына өтпесін деп кеудесін оққа тосты. Одақтас елдерден жиылған жауынгерлер ортақ мүддені көздеді. Олардың ерлігіне құрметпен қарау — осы шақта да, болашақта да бұлжымас міндет болса керек.
Жайық жеріне жау табаны тимесе де, оңтүстік аудандарды соғыс оты шарпығаны белгілі. Сұм соғыстың зардабын тартпаған, жаны жараланбаған жанұя жоқтың қасы. Жыл өткен сайын қатары сиреген соғыс ардагерлері — біз үшін де, жас ұрпақ үшін де ерен ерліктің, отансүйгіштіктің озық үлгісін көрсеткен нағыз қаһармандар. Тылда жүріп таудай іс тындырған ардагерлер де ерен еңбекті, ерік-жігерді, табандылықты танытты.
Бүгінде егемендік алып, еңсе тіктеген елміз. Отты жылдардың ұлттық мүдде тұрғысынан зерделейтін тұстары да жоқ емес. Дей тұра, бұл күнді тарихқа құрметпен қарай отырып, ерлікке тағзыммен, асқақ рухпен атап өту — батыр буынды, әрі-беріден соң өзімізді өзіміз сыйлағанымыз. Лайым, ендігәрі аты өшкір соғыс болмаса екен. Төрткүл дүниеде тыныштық пен татулық салтанат құрсын! Әр шаңыраққа шаттық, амандық, бақ-береке тілеймін.
Құрметпен, БҚО қоғамдық кеңесінің төрағасы Ербол Ғұмарұлы Салықов.