ҚР Парламеннің депутаттары Ләззат Рысбекова және Снежанна Имашеваның БҚО Қоғамдық кеңесі мүшелерімен кездесуінде аталған консультативтік-кеңесші, байқаушы құрылымның мүшесі Марлен Иманғалиев осылай деді. Оның ойынша қазіргі жаһандық геосаяси жағдайда жастардың отансүйгіштік сезімін арттыру бұрынғыдан бетер маңызды.
«Жаман айтпай, жақсы жоқ. Ел басына күн туса, қорған болар жастардың қатары қалың деп айта алмаймын. Жас ұрпақ арасында әскерге барудан жалтаратындар көбейді. Бұрынғы заман мен қазіргі кезеңді салыстырсақ, арасы жер мен көктей. Өз көзіммен куә болдым, биыл бір округте әскерге шақырылушы 50 жастың тек екеуі ғана Отан алдындағы борышын өтеуге аттанатын болды. Қалғаны не күндізгі бөлімде оқитын студент, не денсаулығы жарамды емес, не тағы басқа белгілі-белгісіз себептер. Әскери билетті аз уақыттың ішінде ақылы алуға әуестеніп алғандар аз емес. «БҚО бойынша таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан жауынгерлік іс-қимыл ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде, жалпы ел азаматы ретінде мені бұл мәселе қатты алаңдатады. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі ғой», — деді Марлен Ғилманұлы.
Қоғамдық кеңес мүшесінің пікіріне келіскен сенатор Ләззат Рысбекова әскери әлеуетті арттырып, жастардың патриоттық сезімін тереңдетудің маңыздылығына тоқталды. Дегенмен, бұл салаға да нақты өзгерістердің қажеттілігін алға тартты. «Жуырда әскери бөлімдердің бірінде болған қайғылы жағдай көпшілікті алаңдатқаны рас. Президент айтқандай, бейбіт күнде балаларын әскерге жіберген ата-ана олардың қауіпсіздігі үшін алаңдамауы керек. Бұл — мемлекеттің мойнындағы міндет. Сондықтан, бұл саланы да реформалау қажет деп ойлаймын», — деді Ләззат Тұяқбайқызы.